1928 жылы 15 сентябрь
Қаулы
Ірі байлардың малын алу жөнінде жолдас Сапарбекұлының баяндамасын тыңдағаннан кейін Азат аудандық партия комитеті мен аудандық атқару комитеті және аудандық жалпы жарлы-жалшылардың басын қосқан жиылыс төмендегі қаулыға келді:
1/ Үкіметтің ірі байлардың мал-мүлкін алу жөніндегі ұстаған саяси бағытын дұрыс тауып және оларды жер аударуды толығымен мақұл деп ұйғарамыз;
2/ Қазақ арасындағы ірі байлардың малын алып, жер аудару бірінші болайын деп отырған ұлы науқан екенін еске алып, жарлы-жалшы, кедей, қосшы ұйымындарының бас қосқан белсенділігімен болатындығы айқын. Сондықтан, ірі байлардың мал-мүлкін алу жөнінде белсене кірісіп, күш-көмегімізді көрсетуге дайын екенімізді білдіреміз;
3/ ірі байлардың мал-мүлкін алып кедей, жарлы-жалшыларға мал-мүлікті бөліп беру жөнінде өте сақтық қылып үлестірумен қатар, сол алған малды орынсыз көзін жойп, келешекте шаруасын көтеруге жол ұйымдастыру. Сондықтан, мал-мүлікті бөліп бергеннен кейін ұйымдастыру жағын Азат аудандық атқару комитетінің келешек іске асыруын тапсыруға;
4/ Ірі байлардың басқа ел ортасында социялизім құру жөнінде үкімет ісіне кедергі келтіретін рушыл, атқамінерлерді қоса жер аударылуын көпшілік аудандық аткомына тапсыруға;
5/ Ірі байлардың мал-мүлкін алып үлестіру уағында сол байлардың қол астындағы жарлы-жалшы, кедейлерге басқа аудандағы байлардың мал-мүлкін бөліп беруді аудандық комиссияға тапсыруға;
Тыңдалды
Ірі байлардың малын алып, олардың тізімін жасау жөнінде төменгілерді айтып өтем:
1/ Көбенұлы – атақты бай, 60 ірі қарасы бар, байлығы жеті атасынан арылмаған, халыққа өзінің астамдығын жүргізіп бірнеше атқамінер ұры ұстауы сол байлығының арқасында талай еңбекшіні езіп-қанап келген.
Түпнұсқа қолжазба.
Фонд №241