Публикации
Адамзаттың Абайы “Архив хабаршысында”
Просмотров: 5
Адамзаттың Абайы “Архив хабаршысында”
Қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаған әлемдік деңгейдегі кемеңгер, қоғам қайраткері, ақын, композитор, аудармашы, әділ басшы Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойынан Астана қаласының архиві ұжымы да сырт қалмады. “Архив хабаршысы” журналының үшінші нөмірі толығымен адамзаттың Абайына арналды.
Енді журналға қысқаша тоқтала кетейін. Архив ұжымы осы нөмір арқылы Абайды жаңаша тануға, жас ұрпаққа жақындатуға, ұлы мұраны тарих қойнауынан бүгінгі күнге жеткізуге талпыныс жасады. Журнал ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Абай туралы тағылымды ойларымен ашылып, Мұхтар Әуезовтен бастап, қазіргі қаламгерлер мен абайтанушылардың парасатты пайымдарымен жалғасады. Олардың ішінде Серік Негимовтің “Абай - әдебиетіміздің атасы”, Қайым Мұхамедхановтың “Ұлы ұстаз”, Зияда Ижановтың “Абайдың қолтаңбасы”, Әлкей Марғұланның “Абай қолжазбасы,” Тұрсын Жұртбай “Мен келмеске кетермін” атты зерттеулері мен Ықылас Ожайұлы, Алмахан Мұхаметқалиқызы, секілді т.б. зиялы қауым өкілдерінің танымдық мақалалары бар.
Осы нөмірдің тағы бір құндылығы - 1945 жылғы “Акмолинская правда” газетінде жарық көрген мақала. Бұл мақалада Абайдың өлеңдерімен рухтанған қазақ жауынгерлерінің майдандағы жай-күйі мен жан дүниесі бейнеленеді. Сонымен қатар, елордадағы Абай есімін иеленген рухани нысандар туралы мағлұматтар, ән өнері мен театр сахналарындағы Абай бейнесі, сондай-ақ телехикаяттар арқылы көрерменге жол тартқан жобалар да осы санда жан-жақты қамтылды.
Абай жайлы тереңірек білгіңіз келсе, кемеңгер суреттерімен және афоризмдерімен өрнектелген “Архив хабаршысын” оқуға шақырамыз. Ұлы ақынның мерейтойы құтты болсын!
https://www.facebook.com/share/r/1Nwx9ALwg7/