Қадірлі оқырман!
«Архив хабаршысы» ғылыми-көпшілік, ақпараттық-әдістемелік журналын оқуға шақырамын!
Архив дегеніміз – ұдайы жаңғырып тұратын жанды тарих. Мұнда талай тағдырдың үні мен үміті, елдің еңсесін биіктеткен істердің ғибратты ізі сайрап жатыр. Арғы тарихтың ақиқатын тек архивтер ғана аша алады. Бұл ретте «Архив хабаршысы» ғылыми-көпшілік, ақпараттық-әдістемелік журналы қоғам мен тарихтың арасындағы алтын көпір, болашақпен байланыстың жетекші құралы ретінде өзіне жүктелген міндетті тиянақты атқарып келеді.
2025 жылдың екінші тоқсанындағы саны – архив әлеміндегі ізденістер мен жаңғырулар, тың деректер мен тағылымды кездесулер кезеңінің айғағы. Журналдың осы санында Абай мен шығыс мәдениеті байланысынан бастап, ортағасырлық өнер үлгілерінің синтезі, әскери эвакуация кезіндегі архивтер рөлі, Қостанай өңірінің денсаулық сақтау саласының даму кезеңдері сияқты терең зерттеулер жарық көріп отыр.
Бұл нөмірдің шырайын кіргізіп, мазмұнын байытуға атсалысқан елімізге белгілі ғалымдар, тарихшылар, архив саласының тәжірибелі мамандарының ізденістері мен зерделі еңбектері зерек оқырманның зейінін аудармай қоймайды. Олардың әр мақаласы – тек ғылыми пайым ғана емес, елдік жадыны жаңғыртуға қосылған шынайы үлес һәм танымдық жағынан терең, тағылымдық тұрғыдан тұшымды дүниеге толы, мазмұны мен мәні үйлесім тапқан тұтас рухани кеңістік деуге толық негіз бар. Журнал мазмұнын толықтырған отандық және шетелдік архив жаңалықтары да жаһандық архив кеңістігімен байланысымыздың нақты көрінісі іспетті.
Ізгі ниетпен, Ж. Бимолдин,
Астана қаласы Мемлекеттік архивінің директоры,
Бас редактор