Өткен жылы тарих ғылымдарының докторы, профессор, германист- ғалым Гүлжаухар Көкебаеваның «Талқыға түскен тағдыр: түркістандық соғыс тұтқындары» монографиясының таныстырылымы өтіп, бұл еңбек туралы «Архив хабаршысы» журналының бірінші санында Еркін Стамшаловтың зерттеу мақаласы жарық көрген болатын.
Екінші дүниежүзілік соғыста тұтқынға түскен түркістандықтардың лагерьлердегі ауыр жағдайы, неміс басқыншыларының Түркістанға қатысты көзқарасы, жау қолына түскен жауынгерлердің қиын тағдыры баяндалатын бұл кітап несімен құнды және мұны тағы бір рет тілге тиек етуіміздің себебі неде?
Біріншіден, монографияның түркістандық соғыс тұтқындары деп аты айтып тұрғандай, отандық тарих ғылымы үшін бұл еңбектің тақырыбы, қозғаған мәселесі өте өзекті саналады. Екіншіден, автор шығармашылық жолында көп ізденіп, Қазақстанның, Германияның, Польшаның, Ресейдің архивтерінен алынған дәлел-деректер негізінде жазып шыққан. Демек, саясатқа, жеке адамның мүдесіне қарай бұра тартылып кеткен тұсы жоқ деген сөз. Бұл жөнінде автордың өзі: «ХХ ғасырдың тарихын жазудың үлкен қиындығы – бұл кезең тарихының шектен тыс саясиланып кеткендігі» дейді. Кеңес өкіметі кезінде ел тарихы қолдан саясиландырылды десек, бұл түйткіл әлі де түгел жойылып кете қойған жоқ. Ал негізгі ой арқауын архив құжаттарынан бастау алдыратын мына кітап оқырманын адастырмайды. Сол үшін де мұны Қазақстан тарихына қосылған сүбелі еңбек деуге толық негіз бар.
Публикации
АРХИВКЕ СҮЙЕНГЕН АДАСПАЙДЫ
Просмотров: 45
