Тарихи деректерге сүйенсек, 1919-1922 жылдар Қазақстан үшін ең ауыр да қиын кезең болып саналады. Дәл мұндай зор ауқымды ашаршылық, халықтың жаппай жоқшылықтан зардап шегуі адамзат тарихында бұрын-соңды болып көрмеген ең ауыр қасірет еді.
Ресми мәлімет 1921 жылдың күзіне қарай бүкіл ел бойынша 20 млн-нан астам адам аштыққа ұшырады дейді. Ал шын мәнінде мұның халыққа тигізген зардабы қаншалықты болды? Нақты есебі қанша? Бұл алдағы күндер еншісінен жауабын күтіп жатқан күрделі сұрақтың бірі. Ал ел басына күн туған қиын-қыстау кезеңде ашаршылықтан қиналған халыққа қазақтың белгілі тұлғалары тарапанан қандай көмек, қолдаулар болды деген сұраққа келсек, архив құжаттары ішінде бұған жауап беретін тарихи бір деректі кезіктірдік. Бұл - арасында Алаш қайраткері Хайретдин Болғанбаев бар бір топ азаматтың өтініш қағазы.
«Ақмола уездік атқару комитетінің басқарма бөліміне 14 наурызда азаматтар Егор Палтусов, Ф.Всяких, Нұрым Абдрахимов, Олжабай Нұралин, Әбілғазы Спанов, Хайретдин Болғанбаевтан Атбасар даңғыл жолында 1922 жылы 15 наурызда сағат 13.00-де ат жарысын өткізу туралы өтініш келіп түседі. Өтініштің жоғары бұрышына тиісті орган қызметкері рұқсат етілді деп қол қойған. Бұл алты азамат өздерінің сәйгүліктерінің арасында жарыс өткізіп, ашыққан халыққа көмек көрсету мақсатында қорға әрқайсысы 5000 рубльден 3 миллион рубль аударатынын айтады.
Ұлт зиялылары 1922 жылы мамыр айынан бастап уездерге шығып, аштықтан қамыққан халыққа жәрдем көрсетуге кіріскенін білеміз. Бұл иігілікті істі, қайырымдылық шарасын Алаш азаматы Хайретдин Болғанбаев бастаған азаматтар бастап кетті.
Тағы бір айта кететін жайт, Астана қаласы мемлекеттік архиві қорында Ақмола уезінің ашыққан халыққа көмек көрсету комитетінің құжаттары сақталған. Бұл құжаттар Алаш азаматтары Мағжан Жұмабаев, Хайретдин Болғанбаевтың 1922-1923 жылдардағы қызметінен хабар береді, - дейді ғылыми зерттеу және ақпараттық түсіндіру қызметінің жетекшісі Ғазиза Тұрмағанбетқызы.
Суретте: алты азаматтың атқару комитетіне түскен өтініші.
Публикации
Ашаршылыққа алаңдаған алты азамат
Просмотров: 37
