Академик, геолог, ғалым Қаныш Сәтбаев туралы әңгіме қозғалғанда, ел ауызында жүрген мына бір әңгіме жадымызға оралады: Ғалым 1947 жылдың наурызында КСРО Жоғары Кеңесінің делегациясы құрамында Англияға барғанда сол елдің Премьер-министрі У.Черчилль таңданып: «Қазақтардың бәрі сіз сияқты алып па?» деп сұраса керек. Сонда ғалым ағамыз: «...Мен қазақтардың ішіндегі ең кішкентайымын. Менің халқым менен де биік» деп жауап берген екен. (Астанадағы Сәтбаев көшесі бойындағы ғалымның еңселі ескерткіші тұғыртасына осы лебізі таспаланып, тарихқа тағзым етіп келушілерге тереңнен сыр шертіп тұр).
Бүгінде қанатты қағидаға айналған ұлы ғалымның сөзіне неге тоқталып отырмыз? Себебі биыл елімізде Қ.Сәтбаевтың 125 жылдық мерейтойы кеңінен аталып өтуде. Осы датаға орай Астана қаласы мемлекеттік архиві жанынан басылып шығатын «Архив хабаршысы» ғылыми-көпшілік, ақпараттық-әдістемелік журналында филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимовтің «Пір. Сәтбаев кенересі» атты мақаласы жарық көрді.
Серік Негимов бұл мақаласында ғалымды жан-жақты танып-білуде Әлкей Марғұланның өлшеусіз еңбек сіңіргенін еске салады. Қ.Сәтбаевтың геология ғылымына сіңірген еңбегі туралы деректерден бөлек мұнда мысалы, оның сөз өнеріне, өнертану, театртану саласына сіңірген еңбегі жайында қозғаған әңгімелері де өте-мөте әсерлі. «... 1926 жылы А.В.Затаевичке Мәскеу шаһарында домбырамен халықтың жиырма бес әнін нәшіне келістіре орындап, мәтіндерін орыс тіліне тамылжыта тәржімалап, әндердің шығу тарихына қатысты бағалы деректерді, мәліметтерді жұтынтып жеткізген» дейді. Ұлы ғалымның кемеңгерлік болмысын тағы бір мәрте жадында жаңғыртқысы келген оқырманға ғалым хақында «Архив хабаршысы» журналында жарық көрген осы мақаланы оқып шығуына кеңес берер едік.
Публикации
ҚАЗАКТЫҢ ҚАНЫШЫ
Просмотров: 39
