Канцелярия +7 7172 28-07-41 (вн.126) , Приемная +7 7172 28-07-41 (вн.114)
ГУ "Государственный архив города Астаны"
Официальный интернет-ресурс

КӨНЕ ҚҰЖАТТАР СЫР ШЕРТЕДІ ⏳

Previous Next

КӨНЕ ҚҰЖАТТАР СЫР ШЕРТЕДІ ⏳

Бұл құжат — 1875 жылғы 21 қаңтарда Ресей Ішкі істер министрлігі мен Батыс Сібірдің Бас генерал-губернаторы тарапынан Ақмола қаласындағы қалалық полицияны ұйымдастыру мәселесіне қатысты дайындалған ресми баяндама мен ұсыныс. Құжаттың архивтік сілтемесі: 430-қор, 1-тізбе, 23-іс.
Мазмұнының қазақша түсіндірмесі:
1. Жалпы жағдай:
1868 жылы 21 қазанда патша үкіметі бекіткен ережеге сәйкес, Урал, Торғай, Ақмола және Семей облыстары құрылып, олардың жергілікті басқару жүйесі уақытша ереже бойынша ұйымдастырылды. Осы ережеге сай, Ақмола қаласындағы полицияны бір ғана полицейлік пристав басқарып отырды. Бірақ оған көмекке не кеңсе қызметкерлері, не қарапайым полиция қызметшілері бекітілмеген. Сонымен қатар, бұл пристав уездік (уездной) бастыққа бағынбайтын, яғни өз алдына дербес жұмыс істейтін болған.
2. Халық саны мен тәртіп сақтау қажеттігі:
Батыс Сібір генерал-губернаторының мәліметінше, Ақмоланың халқы 5 мың адамға жеткен, ал жәрмеңке кезінде бұл сан төрт есеге дейін артады. Сауда-саттық қарқынды дамуда, ал қалалық халықтың едәуір бөлігін қазақтар (құжатта "киргизы") құрайды, жәрмеңке кезінде қазақтар саны тіпті көбеюде. Қазақтар болса уезд бастығына бағынғандықтан, қала мен уездік полиция бір жүйеде болғаны дұрыс деп есептелді.
Бұл штат бойынша жалпы шығын – 1.800 сом, бұл соманы мемлекеттік қазына есебінен төлеу ұсынылды. Ал полиция қызметкерлерінің (төменгі құрамның) жалақысы қалалық қоғам (қоғамдық қаражат) есебінен төленуі тиіс деп көрсетілген. Қала қажет деп тапса, бұл қаражатты арттыра алады.
3. Министрлік пен Мемлекеттік кеңес шешімі:
Ішкі істер министрі Тимашев Ақмоладағы қазіргі бір приставтан тұратын полиция жеткіліксіз екенін айтып, полиция штатын кеңейтуді қолдады.
Полиция приставын Ақмола уездік бастығына бағындыру ұсынылды.
Министр бұл жобаны бекіту үшін Министрлер комитетінің қарауына жіберуді сұрады.
4. Ескерту:
Пристав пен хат жүргізушінің жалақысының үштен екісі – жалақы, үштен бірі – "столовые деньги" (күнкөріс/тамаққа арналған ақша) ретінде берілуі тиіс.
_______________________________________________________________________
Бұл құжат Ақмола қаласының қалалық полиция қызметін күшейту, оны уездік билікке бағындыру, сондай-ақ қала тұрғындарының санының артуы мен қазақ халқының рөлін ескеріп, тәртіпті нығайту мақсатында жаңа құрылым енгізу туралы ресми бастаманы сипаттайды. Бұл – Ресей империясының қазақ даласындағы әкімшілік құрылымды нығайтуы мен орталықтандыру саясатының көрінісі.

Нұрбақыт Бейсенұлы, Астана қаласы Мемлекеттік архивінің қызметкері, тарихшы.

#IAW2025 #ArchivesAreAccessible

Записаться на прием