Канцелярия +7 7172 28-07-41 (вн.126) , Приемная +7 7172 28-07-41 (вн.114)
ГУ "Государственный архив города Астаны"
Официальный интернет-ресурс

Құрбандарды еске алу - ұлттық жадымызды сақтаудың төте жолы

Құрбандарды еске алу - ұлттық жадымызды сақтаудың төте жолы

Құрбандарды еске алу - ұлттық жадымызды сақтаудың төте жолы

1921–1922 жылдары қазақ халқы ашаршылық нәубетін бастан кешті. 1931–1933 жылдары кеңестік үкіметтің күштеп ұжымдастыру және ауыл шаруашылығын мемлекеттендіру саясатының салдары орын алды. Яғни, қазақ халқының дәстүрлі көшпелі өмір салты зорлықпен тоқтатылып, мал-мүлкі тәркіленді. Жайылымдар мен шаруа қожалықтары тартып алынды. Азық-түлік қорлары мемлекетке мәжбүрлі түрде өткізілді. Мұның соңы халықтың аштықтан қырылуына алып келді. Кей деректерге сүйенсек, 1931–1933 жылдар аралығында 2 миллионнан астам қазақ көз жұмған. Шетелдерге босып кеткені қаншама?
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «...Біз ұжымдастыру жылдарында аштыққа ұшырағандарды, сондай-ақ туған жерінен кетуге мәжбүр болғандарды да еске аламыз. Сол жылдардағы орасан зор адам шығыны мен тағдыр тауқыметі әрбір азаматтың жүрегіне жара салды» деген еді.
Саяси қуғын-сүргін — кеңестік билік жүргізген идеологиялық және әлеуметтік қудалау саясаты ұлт көсемдерін, қарапайым азаматтарды жаппай жазалауға бағытталды. Бұл үрдіс 1928 жылдан басталып, 1937–1938 жылдары шарықтау шегіне жетті. "Халық жауы" деген жалған айыппен мыңдаған адамдар атылды, түрмеге қамалды, жер аударылды. Қазақ зиялылары — Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов секілді тұлғалар осы қуғынның құрбаны болды.
Бұл қазақ халқының сан жағынан күрт азаюына, этникалық құрамының өзгеруіне және елдің тарихи дамуына ауыр зардабын тигізді.
Қуғын-сүргін мен ашаршылықты бір ғана тарихи оқиға ретінде емес, тұтас бір халықтың тағдырына ауыр салмақ салған зұлмат ретінде қарау керек. Бұл оқиғалар қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан тұрмыс-тіршілігін, мәдениетін, демографиялық құрылымын түбегейлі өзгертті. Ел ішіндегі үрей мен сенімсіздік, рухани күйзеліс ұлттың санасына ұзақ жылдар бойы сіңіп қалды.
Бүгінгі тәуелсіз Қазақстан үшін бұл зұлмат жылдарды еске алу — тарихи әділеттілікті орнату жолындағы маңызды міндет. Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу, олардың есімдерін ақтау, халыққа ашаршылық шындығын жеткізу — өскелең ұрпаққа өткеннен сабақ берудің, ұлттық жадымызды сақтаудың бір жолы деп түсінген абзал.
Нұрбақыт Бейсенұлы, Астана қаласы Мемлекеттік архивінің қызметкері, тарихшы
Записаться на прием