Ақмола өңіріндегі саяси қуғын-сүргін құрбандарына қатысты архив құжаттарын ғылыми айналымға қосу мақсатында Астана қаласы мемлекеттік архивінде сақтаулы 65 қордағы істерді зерттеу, сараптау жұмысына елордадағы жоо-ның белгілі ғалымдары тартылған болатын. Соның нәтижесінде «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның материалдары (ХХ 20-50 жылдары)» атты құжаттар мен материалдар жинағы жарық көргені мәлім. Жұмыс тобының мүшелері зерттеу барысында алты мыңға жуық істі қарап шыққан. Мұндағы бес мыңдай іс өткен ғасырдың 20-шы жылдарының екінші жартысы мен 30-шы жылдар аралығын қамтиды.
Зерттелуі тиіс деп танылған 1589 адамның ісі, атап айтқанда, астық дайындау науқаны бойынша қуғын-сүргінге ұшырағандар (309), социалистік меншікті қорғау және ет дайындау шарасының құрбандары (476), бай, кулак ретінде жазаланғандар (130), кеңестік билікке қарсылық білдіргендер мен үгіт-насихат жүргізді деп айыпталғандар (222), әр сала бойынша қуғын-сүргінге түскендер (452) деген тараулар бойынша зерделеніп, тарихи деректерге жан-жақты зерттеу жүргізілді. Бұл еңбектен қуғын-сүргінге ұшыраған тұлғалардың нақты аты-жөнін, қай бап бойынша жауапқа тартылғанын, жазасын қалай, қай жерде өтегені туралы мағлұмат алуға болады. Тағы бір елең еткізерлік дерек, олардың ішінде бірнеше бап бойынша жазаға тартылғандардың саны көп болған. Мысалы, 1926 жылғы Қылмыстық істер кодексі бойынша іске тартылғандардың ішінде бір баппан сотталғандар саны 60 адам десек, үш және одан да көп баппен тұтқындалғандар саны 159 деп көрсетілген. Ең сорақысы, 1930-33 жылдардағы ашаршылықта мәжбүрліктен өз малын сойып жегендер ғана емес, өлген малдың етін пайдаланғандарға да жалған айып тағылып, абақтыға айдалып кете барған. Қазақ даласының «ақтаңдақ» беттеріне үңілтетін бұл жинақ кейінгі ұрпақ біле жүруі тиіс еңбек деп есептейміз.
Публикации
ЖАЗЫҚСЫЗ ЖАПА ШЕККЕНДЕР
Просмотров: 42
