Ақ Жайықтың Жібегі архивке құжат тапсырды
Бүгін айтыскер ақын Жібек Болтанова Астана қаласы Мемлекеттік архивіне жеке құжаттарын тапсырды. Қалалық архивтен ақынның отбасылық жеке қоры ашылатын болды.
- Архив ұжымы әр тұлғаның құжаттарын қабылдап, жеке қор ашу
жұмысын жолға қойды. Әр құжат қолды болып кетпес үшін яғни әр жерде шашылып, аяққа басылып қалмас үшін архивтің жасайтын жұмысы көп. Барлық құжаттар көздің қарашығындай сақталған. Сол қордың қатары сіздің де еңбектеріңізбен толығып жатыр, -деді Астана қаласы Мемлекеттік архиві директорының м. а. Ардақ Мұқашқызы.
Ел тәуелсіздікке қол жеткізген тұста Жібек Қамызбайқызы 2000 жылдары Астана қаласында өткен айтыстың алғашқы Гран-При иегері. Ол айтыстың ақтаңгері - Мэлс Қосымбаев, Аманжол Әлтаев, Салауат Исақаев сынды саңлақтармен сөз жарыстыра отырып, айтыстың жандануына өз үлесін қосты.
- Айтыстың аламанында кіл мықты жүйріктер бақ сынады. Олар
айтысып қана қоймай елдің өсіп-өркендеуіне, астаналықтардың рухтануына үлес қосты. Солардың сапында болғаныма қуаныштымын. Ал, қаделі істі қолға алған архив ұжымына алғыстан басқа айтарым жоқ. Қолымдағы құжаттарды тапсырып отырмын. Алдағы уақытта тағы да толықтырамын, -деді айтыскер ақын Ж. Болтанова.