Астана қаласы мемлекеттік архивінің тарихы Қазақстан астанасының тарихымен сабақтас. Тәуелсіз еліміздің жаңа астанасының тарихи рөлін ескере отырып, Астана (1998 ж. дейін Ақмола, 2019-2021 жж. Нұр-Сұлтан) қаласының мемлекеттік архиві Ақмола (Целиноград) облысы мемлекеттік архивінің қорларымен толықтырылған Жеке құрам бойынша Ақмола қалалық архивінің базасында Целиноград облыстық әкімдігі басшысының 1992 жылғы 3 сәуірдегі №17 шешімі негізінде қала аумағында орналасқан кәсіпорындар мен ұйымдардың құжаттарын меншік түріне қарамастан мемлекеттік есепке алу және пайдалануды қамтамасыз ету үшін Ақмола облыстық әкімдігінің 1995 жылғы 1 маусымдағы № 8 бұйрығымен және Ақмола қаласы әкімінің 1995 жылғы 23 қарашадағы №3-1-120 шешімімен құрылды.
Мемлекеттік архивте қазіргі уақытта 758 архив қорында 1912-2020 жылдар аралығын қамтитын 409 359 мың сақтау бірлігі сақталуда.
Бұл бірегей құжаттық мол қазына – Кеңес өкіметінің орнау процесі, Ақмола уезінің аумағында мемлекеттік аппаратты нығайту шаралары, кедей-шаруалардың бай-кулактармен күресі, өндірісті мемлекет меншігіне айналдыру, ұжымдастыру, жаппай қуғын-сүргін, ашаршылық, Ұлы Отан соғысы жылдарында жұмыс күшінің өсуі, ақмолалықтардың майданға көмегі, эвакуацияланған өндірістерді, күштеп қоныс аударылғандарды қабылдау, орналастыру, Тың өлкесіне қарасты Көкшетау, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Целиноград облыстарының социалистік құрылысының тарихы, өңірдегі өндіріс салалары мен ауыл шаруашылығы, тұрғын үй құрылысы, электрофикация, көлік және байланыс, ғылым, білім беру, мәдениет, денсаулық сақтау салаларының даму тарихы туралы құжаттар жинақталған.
1998 жылдан бері қабылданған құжаттар Қазақстан Республикасы астанасының жаңа кезеңінің даму тарихын баяндайды.
Архив қорында ауыл шаруашылығының топырақты қорғау жүйесі, ауылшаруашылық техникасын сынау бойынша, автомобиль жолдарындағы жобалық-іздестіру құжаттары және т.б. ғылыми-техникалық құжаттар сақталған. Сондай-ақ осы өлкедегі маңызды оқиғалар, қаланың тарихы, мәдениеті, өнері туралы аудиовизуалды құжаттар бар.
Сонымен қатар, мемлекеттік және қоғам қайраткерлері С. Садуақасов, Ж.А.Ташенов, Қ. Балахметов, ғалым-геолог Н. Төкенов, экономист-ғалым М. А. Гендельман, ақын, жазушы, Н. Ораз, сатирик-жазушы Т. Құлияс, айтыс ақыны, жыршы, манасшы Б. Әлімжанов, Елордада қазақ театрын ашқан Ж. Омаров, Ақмола баспасөзінің фотокорреспонденттері Н. Имамов, В.В.Крась, Ю. П. Казаков, Б. А. Савельев, И. Ф. Бургандинов, В. В. Бухаревич, опера әншісі Н.П.Үсенбаева, өлкетанушы, тарихшы ғалымдар Б. Хұсайынов, Д. Қамзабекұлы, Д. Сейітқали, Халық Қаһарманы, ғарышкер-ұшқыш А. Айымбетов, әлем чемпионы, бокстан спорт шебері С. Сапиев және т.б. 100-ден аса жеке тұлғаның архивтері жинақталған.
Астана тарихын зерттеуде тарихи-мәдени құндылығы зор Қазақстан тарихына қатысты шетел дереккөздері, Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен қатысушылардың, темір жол көлігі қызметкерлерінің, тың және тыңайған жерлерді игерушілердің, астаналық театр қайраткерлерінің; ұлттық-мәдени орталықтардың, «Барыс» хоккей клубы мүшелерінің коллекциясы Архив қорын толықтырып отыр.
Архив өз қызметінде жаңа автоматтандырылған архив технологиясын пайдаланады. Мұрағат қоймалары стационарлық және мобильдік сөрелермен жабдықталып, жасанды микроклимат автоматтандырылған жүйеге және күзет-өртсөндіргіш дабылдар жүйесіне қосылған. Аса құнды құжаттардың барлығына дерлік сақтық қоры, пайдалану қоры жасалған, мемлекеттік қызметті автоматтандыру жұмысы, архив құжаттарын цифрлау жүйелі түрде жүргізілуде.
Архив сайты жаңартылып, ғылыми-зерттеу, ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жолға қойылды. Мемлекеттік қызмет көрсетуді автоматтандыру бағытында жұмыс жүргізілуде.
Архивте Архив ісінің негізгі бағыттарын жетілдіру, оның ішінде ғылыми-зерттеу, әдістемелік, баспа және көрме жұмыстарына бағыт беру, сонымен қатар Архивтің ғылыми-әдістемелік және анықтамалық-ақпараттық өнімдерін ұйымдастыру және үйлестіру мәселелерін алқалы түрде қарастыратын Ғылыми-әдістемелік кеңесі, Архив қорына қабылданатын құжаттардың (кітап, жәдігер, т.б.) құндылығын сараптау, ғылыми, тарихи, мәдени, әлеуметтік және құқықтық маңызын анықтау мақсатында арнайы сараптама комиссиясы жұмыс жасайды.
Архив өз қорындағы құнды деректерді жалпы жұртшылыққа жеткізуге, жариялауға мүдделі, осы ретте жыл сайын мерзімді басылымдарда мақалалар мен хабарлар, іріктелген архив құжаттары жарияланады, теле-радиохабарлар жасалады, құжаттар жинақтарын, тақырыптық шолулар әзірлейді, ғылыми жобаларға қатысады.
Архив тақырыптық және генеалогиялық сұраныстарға сай ақпараттық қызметтер ұсынады, сонымен қатар ғылыми-тәжірибелік конференциялар, дөңгелек үстелдер, онлайн-вебинар мен семинарларды жүйелі түрде өткізіп отырады, мектеп оқушыларына, студенттерге тарихи, өлкетану сабақтарын жүргізеді. Электронды оқу залында зерттеушілерге архив материалдары негізінде тиісті кеңес беріліп, ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізуге көмек көрсетіледі.
Архив Қазақстан Республикасы Ұлттық архив қорының құнды құжаттармен толықтырылуына ерекше көңіл бөледі, толықтыру көзі болып табылатын мекемелерге, ұйымдар мен кәсіпорындарға іс жүргізуді ұйымдастыру және мұрағаттық сақтау, құжаттардың құндылығын сараптау және оларды мемлекеттік сақтауға іріктеу жұмысында ғылыми-әдістемелік, тәжірибелік көмек көрсетеді. Сонымен қатар, бұл мекемелер, ұйымдар мен кәсіпорындардың ведомстволық архивтерінің жұмысына тұрақты бақылауды жүзеге асырады, Қазақстан Республикасы Ұлттық архив қорының құжаттарының мемлекеттік есебін жүргізеді.
Архив Жыл сайын 7000 –нан аса әлеуметтік-құқықтық сипаттағы сұраныстарды орындайды. Архивте «Электрондық үкімет» www.egov.kz веб-порталы арқылы мемлекеттік қызметті алу үшін «Өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы» жұмыс жасайды.
Архив қызметкерлерінің біліктілігін арттыру бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізіледі.
Архив отандық және шет ел архив мекемелерімен, Халықаралық Архив Кеңесімен (ICA), жоғары оқу орындары мен ғылыми институттар, музей, кітапханалармен ынтымақтастықта жұмыс жасайды.
Астана қаласының мемлекеттік архиві бүгінде Қазақстанның XXI ғасырдағы астанасының қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық өмірін жан-жақты бейнелейтін бірегей екі ғасырлық мұрасын жинақтап, сақтап отыр.