Кеңсе+7 7172 28-07-41 (іб.126) , Қабылдау бөлімі+7 7172 28-07-41 (іб.114)
"Астана қаласының Мемлекеттік архиві" мемлекеттік мекемесі
Ресми интернет-ресурс

АРХИВТІҢ ОҚУ ЗАЛЫ

Previous Next

АРХИВТІҢ ОҚУ ЗАЛЫ

Еліміздің тарихи-мәдени мұраларын, рухани құнды¬лығымыз бен дәстүрімізді кейінгі ұрпаққа жеткізуде, кешегіміз бен бүгінімізді түгендеуде мұрағат мекемелері айрықша рөл атқарады десек, бүгінде өркениетті дамыған елдердің архивтері заман талабына сай жаңғыртылып, халықаралық деңгейде насихатталуына барынша көңіл бөлініп отыр. Ғылыми зерттеу, электронды архив, виртуалды архив деген ұғымдар қоғамдық санаға мықтап орныға бастады. Өзімізбен іргелес жатқан Аспан асты елінің өзінде 240-қа жуық жоғары деңгейлі цифрланған архив бар екен. Бұл дегеніміз архив саласының ішкі сұранысқа ғана емес, сыртқы өзгеріске де бейімделе бастауының бірден-бір жарқын дәлелі іспетті. «Айшылық алыс жерлерден көзіңді ашып-жұмғанша, жылдам хабар алғызды» демекші, қазір адамзат баласы жер шарының кез-келген түкпірінде отырып-ақ архивтен өзіне қажетті мағлұматты алуына мүмкіндік туған сандық дәуірде өмір сүріп жатырмыз.
Ал бұл ретте еліміздегі архив саласының тыныс-тіршілігі мен жетістіктері туралы не білеміз? Мұрағат қорларын кімдер пайдалана алады? Жылына мұнда қанша адамға қызмет көрсетіледі? Олардың арасында шет ел азаматтары бар ма?
Міне, осы және басқа да мәселелер төңірегінде Астана қаласы мемлекеттік архивінің Ғылыми-зерттеу және ақпараттық-түсіндіру жұмысы қызметінің жоғары санатты архившісі, Оқу залының жетекшісі Алтынай Мақымғалиқызымен аз-кем ой бөліскен едік.
Архив маманы: «Кітапхана қорында 1736 кітап, әр сала бойынша 187 дана брошюра бар» дей келіп, қорды мекемелер мен жекелеген тұлғалар табыстаған «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның материалдары. ХХ ғасырдың 20-50 жылдары» 52 томдығы, Сәкен Сейфуллиннің «Сырсандық» 10 томдығы, Астана қаласы ішкі саясат басқармасы тапсырысымен басылған «Рахымжан Қошқарбаев. Рейхстагқа тігілген ту» жинағы, Орталық мемлекеттік архивінің архив қорларына жөнсілтер кітаптары мен жинақтары сияқты т.б. құндылықтар құрайтынын айтты.
«Жылына оқу залына 200-ге жуық адам бас сұғады. Арасында АҚШ, Германия, Ресей, Франция, Татарстан сияқты алыс-жақын шет елдерден жеке құжаттарын, әке-шешелерінің бұрын тұрған, жұмыс істеген жерлеріне қатысты, сонымен қатар тың игеру кезеңі мен қуғын-сүргін құрбандары туралы дерек іздеп келген азаматтар да бар» деді.
Атап айтар болсақ, Мәскеулік (Ресей) Юлия Фуколова ата-бабаларының 1917-34 жылдарғы өміріне қатысты деректерді іздесе, ал белгілі суретші Баки Урманченің шығармашылығымен айналысатын Татарстанның ғалым қызы Дина Хисамова қала әлі Целиноград болып тұрған кездегі суретшілер ұйымының жұмысымен танысуға өтініш білдірген. Мұндай мысалдар аз емес. Олардың әрқайсысының аты-жөні, келген уақыты, мақсат-мұраты, лебіздері жекелеген папкілерге мұқият тігіліп, қор сақтауына алынған.
Архив құжаттарын пайдаланушыларға оқу залы тарапынан көрсетілетін көмек пен өтініш білдірушілердің құқықтары мен міндеттері туралы сұрағанымызда Ә. Мақымғалиқызы келушілер мұрағаттың ғылыми-анықтамалық аппараты қорынан басылымдарды, іздестірудің автоматтандырылған архивтік жүйелерін пайдалануға, зерттеу тақырыбы бойынша архивтік құжаттардың көшірмелеріне тапсырыс беруіне, берілген істер мен басылымдардан үзінді көшірмелер жасауына, қажет болған жағдайда басшының келісімі бойынша оқу залында көмекшілердің немесе аудармашылардың көмегіне жүгіне отырып жұмыс істеуіне құқылы екенін айтты. Архивке келушілердің компьютермен жұмыс істеуіне қолайлы жағдайлар жасалған, сонымен бірге оқу залы бұрышында шағын кітапханамыз бар, деді.
-- Мұндағы әрбір тарихи құжат пен жеке тектік мұрағат қоры қатаң қадағаланып, мұқият сақтауды қажет етеді. Сондықтан архив қызметін пайдаланушылар әр келген сайын «есепке алу журналына» тіркеліп отырады, оқу залына сөмке, түйіншек, ұялы телефон, фотоаппарат, бейнекамера, көбейту техникасын алып кіруге жол берілмейді, жұмыс аяқталғаннан кейін құжаттар оқу залының қызметкеріне қайтарылады, -- деп, өз ойын мұнда тұрақты өткізіліп тұратын түрлі мәлени іс-шаралармен түйіндеді. Оқу залы Қазақ АКСР Халық Комиссарлары Кеңесінің алғашқы төрағасы Сәкен Сейфуллиннің туғанына 130 жыл толуына арналған «Қазақ әдебиетінің ақсұңқары» дөңгелек үстелі, «Архив және болашақ ұрпақ» ашық есік күндері аясында С.Сейфуллин атындағы агротехникалық университеттің 1 курс студенттерімен кездесу сияқты тарихтан тағылым түйгізетін мұнан да басқа талай әсерлі басқосулар мен рухани байланыстардың ашық алаңына айналғанын жеткізді.
Записаться на прием