2024 жылдың 9-қазанында Астана қаласы мемлекеттік архивінде қазақтың аяулы перзенті, ұлт зиялысы Сәкен Сейфуллиннің 130 жылдық мерейтойына орай «Қазақ әдебиетінің ақсұңқары» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді.
Шараны Елорда архивінің директоры Ж.Бимолдиннің бастауымен тарих ғылымдарының докторы, профессор Марат Әбсемет, Астана қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Мұрат Іргебаев, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі Айнұр Әлиакпарова асқақ рухты ақынның азаматтық қырлары мен шығармашылығы хақында жан-жақты әңгімелеп, тұлғатану үлгісін дәйекті дәлелдермен толықтырды.
Сәкен Сейфуллин түп-тамырына дейін зерттелген тұлға, жалпы сәкентануда Сәбит Мұқанов, Есмағамбет Ысмайылов, Қажым Жұмалиев, Серік Қирабаев, Амантай Какен қатарлы деректанушылар, әдебиетші-академиктер үлкен үлес қосты. Бірақта қазақ тарихында кеңестік кезеңнің ақтаңдақ беттері толық жазылып бітті деуге әлі ертерек. Ұлтының қамы үшін қасық қанын қиған қаншама асыл арыстарымыз жалған жалаға ұшырап, жазықсыз атылып кетті. Солардың бірі һәм бірегейі, өмірде де, әдебиет майданында да күрескерлік рухы жаншылмаған қазақтың ақсұңқар ақын ұлы Сәкен Сейфуллин еді.
Іс-шара барысында С.Сейфуллин музейінің директоры Марат Әбсемет мемлекет қайраткері С.Сейфуллиннің өмір-тарихы мен саяси-қоғамдық іс-әрекеті жайлы бірегей құжаттарын Елорда архивінде ақынның жеке архив қорын ашу мақсатында табыстады.
Осы іс шараға С.Сейфуллин атындағы агротехникалық университеттің оқытушылары мен оқушылар, С.Сейфуллин музейі және Елорда архиві қызметкерлері мен БАҚ өкілдері қатысты.
Жаңалықтар
Қазақ әдебиетінің ақсұңқары
Қаралды: 65
