БАҒЫТЫ АЙҚЫН БАСЫЛЫМ
Астана қаласы мемлекеттік архиві жанынан 2021 жылдан бастап тоқсан сайын жарық көретін «Архив хабаршысы» ғылыми-көпшілік, ақпараттық-әдістемелік журналының он бесінші саны, яғни 2024 жылғы үшінші нөмірі оқырманға жол тартып отыр.
Ғалымдар мен тарихшылардың, қаламгерлер мен архив мамандарының рухани алаңы іспетті журналдың жаңа шығарылымы сан алуан тақырыбымен, тарихи мекендер мен тұлғалар тағдырын қамтуымен, халқымыздың салт-дәстүрі, көшпенділер мәдениеті мен өнері, қазақ хан-сұлтандары мен билері, дала дипломатиясы, отаршылдық саясат пен әкімшілік-сот реформалары сияқты т.б. өткеннің өзекті тұстарын ғылыми тұрғыда пайымдауымен назар аудартады. Басылымдағы әр мақала, әр ақпарат оқырман үшін тың мағлұматымен, дәйекті дерегімен, зерделі зерттеуімен аса құнды деуге толық негіз бар.
Мысалы, «ұлтымыздың көптеген қабырғалы тұлғалары мәңгіге жай тапқан қасиетті қала» -- Түркістан топырағына 161 әйгілі тұлға жерленгенін, оның арасында ел басқарған 21 хан-сұлтан, 30-дан астам батырларымыз бен билеріміз жатқанын біреу білсе, біреу біле бермеуі мүмкін. Қ.А. Ясауи атындағы Қазақ-Түрік университетінде 25-тен аса түркітілдес этнос өкілдерінің ұл-қыздары білім алып жатқаны, «көнерген құжаттар мен кітаптарды қалпына келтіретін Орталық Азиядағы жалғыз цех» та осы шаһардағы Фараб кітапханасынан табылатыны жайында, жалпы қаланың қазіргі бет-бейнесі туралы көп жайтқа қанықтыратын «Сіз Түркістанда болдыңыз ба?» мақаласы кім-кімді де бей-жай қалдырмасы анық, Авторы -- мемлекет және қоғам қайраткері Дархан Мыңбай.
Филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимовтің «Сәтбаев планетасы» деп аталатын зерттеу мақаласы қазақ халқының даңқты ұлы, ғалым-геолог Қаныш Сәтбаевтың өмірінің тағылымды тұстарына, көпшілікке беймағлұм беттеріне сапар шеккізеді. Көрнекті ғалым 1920 жылдың наурызынан 1921 жылдың қыркүйегіне дейін Баянауыл ауданында халық сотының төрағасы қызметін атқарып тұрған тұсында Жаяу Мұсаға амандасуға барыпты. Автор сондағы Жаяу Мұсаның ғалымға ақпейілмен бата берген сәтін өте бейнелі баяндайды.
Сонымен қатар Қ.Сәтбаевтың КСРО Жоғары Кеңесі депутаттары делегациясы құрамында 1947 жылы Ұлыбританияға барған сапары туралы есебі орыс тілінде жарияланып отыр.
Педагогика ғылымдарының докторы, профессор Тілеуғали Қышқашбаев «Қазақ өнерінің мифтік-діни үлгісінің принциптері және парадигмалық мүмкіндіктері» мақаласында ұлттық өнердің қасиеті, мифологиялық сана төңірегінде ауыз әдебиетінің жауһар туындыларын тілге тиек ете отырып ой толғайды.
Қысқасы, журналдың жаңа санында жарық көрген еңбектердің қай-қайсысының да санаға түсірер жарық сәулесі мол. Біз бұл жерде олардың бәріне егжей-тегжейлі тоқталып өтуді мақсат тұтқан жоқпыз. Әр оқырман мұны өзінің көкірек көзінен, ой елегінен өткізіп, керегін алсын дедік.