Кеңсе+7 7172 28-07-41 (іб.126) , Қабылдау бөлімі+7 7172 28-07-41 (іб.114)
"Астана қаласының Мемлекеттік архиві" мемлекеттік мекемесі
Ресми интернет-ресурс

ӘДЕБИЕТ АБЫЗЫ

Previous Next

ӘДЕБИЕТ АБЫЗЫ

Қазақ руханияты ауыр қазаға душар болды. Ұлтымыздың көрнекті қаламгері, үлкен парасат иесі, жазушы-драматург, Қазақстанның Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әкім Тарази өмірден озды. Бұл бір адамның ғана емес, тұтас бір дәуірдің үзіліп түскен алтын жібі секілді.
Әкім Тарази көркем сөздің хас шебері еді. Оның шығармаларынан қазақ қоғамының қилы кезеңдерін, адам тағдырының терең иірімдерін, ұлттық болмыстың сан қатпарлы келбетін көруге болады. Ол адам мінезін ашуда, күрделі психологиялық шиеленістерді суреттеуде өзіне ғана тән дара стилімен ерекшеленетін. Қаламгер кейіпкерлері өмірден алынғандай шынайы, әрі биік адамдық өлшеммен өрілуі арқылы жан баурады. «Тасжарған» (1980ж), «Бұлтқа салған ұясын» (1978ж), «Жаза» (1998ж) т.б. көркем туындылары -- бүгінгі әдебиеттің алтын қорынан ойып тұрып орын алатын шығармалар.
Әкім Тарази -- қалам ұстаған қауым үшін ғана емес, ұлт үшін де биік өлшем. Ол кісі көркем әдебиеттің шеңберінен шығып, ұлттық санаға ықпал еткен санаулы тұлғалардың бірі еді. Қазақ әдебиеті, киносы мен драматургиясы дамуына айтарлықтай үлес қосқан, ақиқатты айтуға келгенде ешкімге жалтақтамайтын, елге шын мәнінде адал қызмет еткен қайраткер қаламгер еді.
Жары, белгілі драматург, қоғамда өз орны бар тұлға Роза Мұқановамен жарасымды өмір сүрді. Екеуінің арасындағы рухани үндестік шығармашылық әлеміндегі шынайы серіктестік пен үйлесімнің үлгісі ретінде қабылданды.
Әкім Тарази өз дәуірінің тірі шежіресі, абзал абызы еді. Қаламгер дүниеден озғанмен артында шырағы сөнбейтін рухани мол мұрасы қалды. Ол мұра кітап сөресінде емес, әр оқырманның жүрек түбінде сақталарына сенеміз. Бізге енді сол сөздің аманатына адал болып қалу міндеті бұйырды.
Қоштасу қиын, әрине. Бірақ әдебиет дегеніміз -- екінші өмір. Әкім Тарази сол өмірде әлі талай ұрпақпен жүздесіп, қиялына қанат байлатып, арманына адастырмай жол сілтейтін темірқазық жұлдыздай руханият көгінде мәңгі жарқырап тұра бермек.
Қош, қазақтың қадірлі қаламгері. Қош, әдебиет абызы.
Астана қаласы мемлекеттік архивінің ұжымы
Записаться на прием