Іс-шара «Архив қорларын пайдалану және жариялау, архивтік құжаттарды беру» және «Е-Архив» ақпараттық жүйесінде жұмыс істеуге үйрету» тақырыптарын қамтыды.
Іс-шараны Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті, Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы және Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архиві ұйымдастырды.
Семинарға еліміздің әр өңірінен архив мекемелерінің өкілдері қатысып, архивтік құжаттарды есепке алу, сақтау, пайдалану және жариялау, сондай-ақ саланы цифрландыру бағытындағы тәжірибелерімен бөлісті. Кездесу аясында қатысушылар өзекті мәселелерді талқылап, атқарылып жатқан жұмыстар мен оларды жетілдіру жолдары жөнінде пікір алмасты.
Астана қаласының мемлекеттік архивінің атынан Ведомстволық архивтерді жинақтау қызметінің сараптамалық-талдау жұмысы және жинақтау бөлімінің бас сарапшысы Қуанышқали Еркеназ Жақсылыққызы «Астана қаласының мемлекеттік архиві мысалында «Е-Архив» құжаттардың бірыңғай электрондық архивтік жүйесіндегі жұмыс» тақырыбында баяндама жасады.
Баяндамада ақпараттық жүйенің архив қызметіндегі маңызы, архив қорларының электрондық есебін жүргізу, құжаттарды цифрлық жүйеге енгізу, жинақтау көздерімен өзара іс-қимыл жасау және архивтік сұраныстарды орындау тәртібі сөз болды. Сонымен қатар архив жұмысын цифрландырудың мүмкіндіктері, жүйені қолдану барысында туындайтын мәселелер мен оны одан әрі жетілдіру бағыттары қарастырылды.
Семинар қорытындысы бойынша қатысушылар архив ісіне заманауи ақпараттық технологияларды енгізу, құжаттық мұраны қолжетімді ету және ведомствоаралық өзара байланысты дамыту мәселелері жөнінде тәжірибе алмасты.




