23.06.26 жылы Астана қаласының Мемлекеттік архивінде көрнекті ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, алаштанушы, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, «Қазақ газеттері» ЖШС-нің бас директоры Дихан Қамзабекұлының 60 жылдық мерейтойына арналған «Алаштың Диханы: Ғылымдағы із бен ізгілік» атты дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараға зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, архив қызметкерлері, әріптестері, шәкірттері мен қоғам қайраткерлері қатысып, мерейтой иесінің ғылым мен руханиятқа қосқан өлшеусіз үлесіне тоқталды.

Жиын алдында қонақтар Астана қаласының Мемлекеттік архивінде сақталған Дихан Қамзабекұлының жеке қорындағы құжаттармен танысты. Архив материалдары ғалымның ғылыми ізденістері мен қоғамдық қызметінен сыр шертетін құнды деректерді қамтыды.

Дөңгелек үстелді Астана қаласының Мемлекеттік архивінің басшысы Жангельды Бимолдин жүргізді. Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп Д.Қамзабекұлының ел ғылымы мен руханиятына қосқан үлесін атап өтіп:
«Дихан аға елордаға алғашқылардың бірі болып келіп, жаңа астананың рухани кеңістігін қалыптастыруға зор еңбек сіңірді. Алаш мұрасын зерттеп, ұлттық тарихымызды жаңғыртуға үлес қосып келеді. Бүгін архив қорына тапсырылып отырған құжаттар – болашақ ұрпақ үшін баға жетпес мұра», – деді.

Белгілі ғалым Амантай Шәріп өз сөзінде замандасын қазақ руханиятының көрнекті өкілі ретінде бағалап, оның тәуелсіздік жылдарындағы елорданың ғылыми-мәдени ортасын қалыптастырудағы еңбегіне тоқталды.
«Дихан Қамзабекұлы – Астанаға рухани көш бастап келген азаматтардың бірі. Ол тек ғалым ғана емес, ұлттық руханияттың жанашыры. Бүгінгі кездесудің кітапхана мен архивте өтуінің өзі символдық мәні терең оқиға», – деді ғалым.
Жиын барысында Дихан Қамзабекұлының өмір жолы мен ғылыми қызметіне арналған деректі бейнеролик көрсетілді. Бейнеролик архив қорында сақталған құжаттар негізінде әзірленген.

Архив басшысының орынбасары Тлеуғали Кышкашбай Әшірбекұлы мерейтой иесінің елорданың қалыптасу кезеңіндегі қызметіне арнайы тоқталды.
«Архивсіз ғылым болмайды. Бүгін біз тек бір ғалымның мерейтойын атап өтіп отырған жоқпыз, ұлт жадына қызмет етіп келе жатқан тұлғаның мұрасын келер ұрпаққа аманаттап отырмыз. Дихан Қамзабекұлы Еуразия ұлттық университетінің қалыптасуына, ғылыми ортаның орнығуына елеулі үлес қосты», – деді ол.

Пікір алмасу барысында сөз алған Бекжан Әбдуәлиұлы Дихан Қамзабекұлын ұлтқа қызмет ететін үлкен бастамалардың басында жүрген қайраткер ретінде сипаттады.
«Дихан аға бастаған істердің өміршеңдігі таңғалдырады. Алаш институтының құрылуы, Ахмет Байтұрсынұлы оқуларының дәстүрге айналуы, тарихи тұлғалардың мұрасын жаңғырту бағытындағы жобалар – соның айқын дәлелі», – деді ол.

Ғалымның шәкірті әрі зерттеуші Қайырбек Кемеңгер өзінің Д.Қамзабекұлымен таныстығы өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан басталатынын айтып, ұстазының ғылыми жолына ерекше тоқталды.

«Менің алғашқы ғылыми тақырыбымды ұсынған да – Дихан аға. Ол кісі көптеген жас зерттеушінің ғылымға келуіне себепкер болды. Архивтерден тапқан тың деректерін халыққа жеткізіп, Алаш қайраткерлерінің мұрасын жаңғыртуға өлшеусіз еңбек сіңірді», – деді Қайырбек Кемеңгер.
Сондай-ақ ол Дихан Қамзабекұлының Қошке Кемеңгерұлы, Смағұл Сәдуақасұлы, Қайырден Болғанбай, Сәдуақас Ғылмани сынды тарихи тұлғалардың мұрасын зерттеп, кейінгі ұрпаққа жеткізудегі еңбегін ерекше атап өтті.

Шара барысында Дихан Қамзабекұлы өзінің жеке архив қорын жаңа құжаттармен, кітаптарымен толықтырды. Архивке тапсырылған материалдар қатарында ғылыми қолжазбалар, жеке құжаттар, сирек басылымдар мен тарихи маңызы бар деректер бар.

Кездесу соңында сөз алған Dikhan Kamzabekuly ұйымдастырушыларға, әріптестеріне, шәкірттері мен достарына ризашылығын білдіріп, архивтің ұлт тарихын сақтау ісіндегі айрықша орнына тоқталды.
Тағылымды басқосу барысында Дихан Қамзабекұлының ғалымдық келбеті ғана емес, ұстаздық, ұйымдастырушылық және азаматтық тұлғасы жан-жақты сөз болды. Қатысушылар оның Алаш мұрасын зерттеу мен насихаттаудағы, ұлттық ғылым мен руханиятты дамытудағы еңбегі қазақ қоғамы үшін маңызды құндылық болып қала беретінін атап өтті.





