Кеңсе+7 7172 28-07-41 (іб.126) , Қабылдау бөлімі+7 7172 28-07-41 (іб.114)
"Астана қаласының Мемлекеттік архиві" мемлекеттік мекемесі
Ресми интернет-ресурс

«ASTANA LEGACY: Тарих. Жады. Болашақ» форумы – елорданың тарихи жадын жаңғыртқан тағылымды басқосу

«ASTANA LEGACY: Тарих. Жады. Болашақ» форумы – елорданың тарихи жадын жаңғыртқан тағылымды басқосу

2 шілде күні Астана күні мерекесі аясында «Салтанат сарайында» Астана қаласының Мемлекеттік архивінің ұйымдастыруымен «ASTANA LEGACY: Тарих. Жады. Болашақ» форумы өтті.

Форумның жалпы көрінісі

Форумның басты мақсаты – архив құжаттары негізінде елорданың тарихи келбетін таныту, ұлттық тарихи жадыны жаңғырту, архив ісінің қоғамдағы маңызын кеңінен насихаттау және ғылыми қауымдастықтың басын қосқан мазмұнды пікірталас алаңын қалыптастыру болды.

Іс-шараға мемлекеттік органдардың басшылары мен өкілдері, Парламент депутаттары, архив саласының мамандары, белгілі ғалымдар, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, жоғары оқу орындарының оқытушылары, жастар ұйымдары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Форум қатысушылары

Форум жұмысы «Астана: кеше, бүгін, ертең» архивтік құжаттар көрмесімен және елорда тарихына арналған кітаптар көрмесін тамашалаудан басталды. Сондай-ақ қатысушылар назарына архивтік деректер негізінде дайындалған «Қараөткел – Астананың тарихи негізі. Есіл бойындағы ғасырлар сабақтастығы» атты деректі бейнеролик ұсынылды.

Архивтік құжаттар мен кітаптар көрмесі

Көрмені тамашалау сәті

Форумның ашылуында Астана қаласының Мемлекеттік архивінің директоры Жангелді Бимолдин архивтің өткенді сақтайтын қор ғана емес, тарихи сананы қалыптастырып, ұрпақтар сабақтастығын жалғайтын маңызды рухани институт екенін атап өтті. Оның айтуынша, форум елорданың көпғасырлық тарихын архив деректері некизінде жаңаша зерделеуге мүмкіндік беретін маңызды ғылыми алаңға айналмақ.

Жангелді Бимолдиннің сөзі

Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Есіркеп Сәкен мен Астана қаласының Ішкі саясат басқармасының басшысы Абдрахман Мирас форумға қатысушыларды Астана күнімен құттықтап, елорда тарихын зерттеу мен архив мұрасын дәріптеу бағытындағы бастамаларға жоғары баға берді. Олар Астана қаласы әкімдігі атынан ұйымдастырушыларға алғыс білдіріп, форум жұмысына табыс тіледі.

Есіркеп Сәкеннің құттықтау сөзі

Абдрахман Мирастың сөзі

Пленарлық отырыста мемлекет және қоғам қайраткерлері мен белгілі ғалымдар елорданың тарихи дамуы, Алаш мұрасы, ұлттық жады, архив ісі, әдебиет пен бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдағы орны жөнінде мазмұнды баяндамалар жасады.

Пленарлық отырыс спикерлері

Мемлекет және қоғам қайраткері, Астана қаласының Құрметті азаматы Светлана Жалмағанбетова Астананы көшіру тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең батыл әрі стратегиялық шешімдердің бірі болғанына тоқталды.

«Астананы көшіру – тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең батыл шешімдердің бірі болды. Сол тарихи қадам елорданың ғана емес, бүкіл Қазақстанның дамуына серпін беріп, мемлекетіміздің өсіп-өркендеуінің драйверіне айналды», – деді ол.

Светлана Жалмағанбетованың баяндамасы

Мемлекет және қоғам қайраткері, Астана қаласының Құрметті азаматы Фарит Ғалымов жаңа астананы қалыптастыру оңай болмағанымен, елдің саяси ерік-жігері мен мыңдаған азаматтың еңбегі нәтижесінде тарихи міндет толық орындалғанын айтты.

«Астананы көшіру оңай болған жоқ. Бірақ ол орындалмайтын міндет те емес еді. Mемлекет басшылығының саяси ерік-жігері мен халықтың бірлігінің арқасында бұл тарихи міндет абыроймен жүзеге асты», – деді ол.

Фарит Ғалымовтың сөзі

Қоғам қайраткері Әлихан Байменов елорданы көшірудің мемлекетшілдік сананы нығайтып, ұлтты ұйыстырған тарихи жоба болғанына тоқталды.

«Елорданы Есілдің жағасына көшіру – жай ғана әкімшілік шешім емес, ұлтты ұйыстырған тарихи жоба болды. Бүгінгі Астана – тәуелсіз Қазақстан жетістіктерінің айнасы», – деп сөзін түйіндей жеткізді.

Әлихан Байменовтың баяндамасы

Әдебиеттанушы ғалым, academic Серік Негимов Астананың бүгінде тәуелсіз Қазақстанның саяси ғана емес, әдебиет, ғылым және руханият орталығына айналғанын атап өтті.

«Тарих сөйлейді. Архив сөйлейді. Әрбір құжат сөйлейді. Астана – тәуелсіз Қазақстанның рухани шежіресі», – деді профессор.

Ғалым ұлттық руханиятты дамытуда кітап оқу мәдениеті мен әдебиеттің маңызына ерекше тоқталып, елорданың бүгінде ақындар мен жазушылардың, ғалымдардың шығармашылық ордасына айналғанын айтты.

Серік Негимовтің сөзі

«Алаш және Астана» тақырыбында баяндама жасаған академик Дихан Қамзабекұлы Ақмоланың Алаш тарихындағы орнына жан-жақты тоқталып, Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш зиялылары бұл өңірдің тарихи маңызын ерте бағалағанын айтты.

«Ақмола – елмен бірге, ұлтпен бірге жасап келе жатқан қасиетті мекен. Алаш зиялылары бұл өңірдің тарихи болашағын терең түсінді», – деді ғалым.

Сонымен қатар ол тарихи Ақмоланың сәулеттік келбетін сақтап, ескі қаланың мәдени мұрасын жаңғырту қажеттігін көтерді.

Дихан Қамзабекұлының баяндамасы

Тележурналист, профессор Тұрсын Құдайберген елорданың тарихын кейінгі ұрпаққа жеткізуде телевидениенің орны ерекше екенін атап өтті.

«Телевидение – уақыттың шежіресін жасайтын тарихи жады. Астананың өз телеарнасы болуы – уақыт талабы әрі елорданың жетістіктерін жүйелі насихаттайтын маңызды ақпараттық кеңістік», – деді ол.

Тұрсын Құдайбергеннің сөзі

Форум барысында қатысушылар архив құжаттарын ғылыми айналымға енгізу, тарихи мұраны сақтау, Астананың көпғасырлық тарихын кеңінен насихаттау және ұлттық тарихи сананы жаңғырту мәселелері төңірегеінде пікір алмасты.

«ASTANA LEGACY: Тарих. Жады. Болашақ» форумы елорданың өткені мен бүгінін сабақтастырып, архив ісінің қоғамдағы маңызын айқындаған тағылымды алаңға айналды. Басқосу соңында қатысушылар мұндай ғылыми форумдардың дәстүрлі түрде өткізілуі тарихи сананы нығайтып, елорданың бай мұрасын кеңінен насихаттауға зор үлес қосатынын атап өтті.

Форум қатысушыларының естелік суреті

Записаться на прием