17 қараша, Қазақстан Жазушылар одағының Астана қалалық филиалы мен қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен Қытай халық республикасының көрнекті қаламгері, аудармашы Әкбар Мәжитұлымен кездесу өтті.

Кездесу Жазушылар одағының Астана қалалық филиалы өткізіп келе жатқан «Қаламгер ұстаханасы» жобасы аясында ұйымдастырылды.
Әкбар Мәжит есімі Қытайдағы қазақ жұртшылығына ете таныс, Пекинде көп жылдар бойы қытайдың ең үлкен «Қытай жазушылары», «Ұлттар әдебиеті» журналының бас редакторы қызметін атқарған. «Ақсақ құлан», «Көгалда», «Нұрман қарт және оның тазысы», «Қайран он бестегі Халида-ай», «Көк көгершін» секілді шығармалары оқырман жүрегінен орын алған.

Кездесу барысында қаламгер шығармашылығы, әдебиет пен аударма саласындағы еңбегі, қазақ руханиятын қытай оқырмандарына таныту жолындағы қызметі туралы кеңінен әңгіме өрбіді. Әсіресе Абай мұрасын қытай тіліне аударып, екі халықтың рухани байланысын нығайтудағы еңбегі айрықша аталды. Кездесу соңында қатысушылар қаламгерге көкейлеріндегі сауалдарын қойып, қызу пікір алмасып, тағылымды әңгіме өрбітті. Жылы жүздесу естелік суретке түсумен түйінделіп, қатысушылар көтеріңкі көңіл күймен тарқасты.





