Еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды өзгерістердің бірі – жаңадан құрылған Құрылтайдың қызметі мен оның мемлекет пен қоғам арасындағы байланыс жүйесіндегі орны талқыланды.
Кездесудің басты мақсаты – жастардың саяси сауаттылығын арттыру, азаматтық ұстанымын қалыптастыру және ел өміріндегі маңызды қоғамдық-саяси үдерістерге қызығушылығын ояту.
Кездесуге арнайы келген спикерлер:
«Әділет» партиясы Сарайшық аудандық филиалының төрағасы Серікбол Қайратұлы;
«Ұлттық волонтерлік желі» үйлестірушісі Бауыржан Киікбайұлы;
«Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры» қоғамдық қоры директоры Кеңшілік Бауыржанұлы.
Кездесу барысында спикерлер өздерінің кәсіби қызметі мен қоғамдық жұмыс тәжірибесіне сүйене отырып, жастарға түрлі бағытта мазмұнды ой-пікірлер қозғады. Серікбол Берікқожа жаңадан құрылған Құрылтайдың мақсаты мен міндеттері, оның мемлекет пен қоғам арасындағы байланысты нығайтудағы орны, саяси жүйедегі рөлі туралы сөз қозғады. Бауыржан Киікбайұлы волонтерлік қозғалыстың қоғам өміріндегі маңызына, еріктілердің әлеуметтік мәселелерді шешуге қосатын үлесіне және жастардың қайырымдылық пен қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысуының қаншалықты маңызды екеніне тоқталды. Ал Кеңшілік Бауыржанұлы білім беру саласын тұрақты дамыту, сапалы білімнің қоғам болашағындағы рөлі және осы бағыттағы өзекті мәселелер жөнінде мәселелерге тоқталды. Сонымен қатар ауыл мектептері мен қала мектептері арасындағы білім беру мүмкіндіктері мен жағдайындағы айырмашылықтар, білім сапасын теңестіру және ауыл балаларына сапалы білім алуға жағдай жасау мәселелері жөнінде ой бөлісті
Астана қаласының Мемлекеттік архиві үшін де бұл тақырыптың маңызы ерекше. Себебі бүгінгі қоғамдық-саяси өзгерістер мен мемлекеттік реформалар – болашақ ұрпақ үшін келешекте зерттейтін тарихтың бір бөлігі. Ал архив сол тарихи үдерістердің құжаттық куәгері әрі ұлттық жадының сақтаушысы болып табылады.
Кездесуге арнайы келіп, тағылымды ойларымен бөліскен спикерлерге және белсенді қатысқан студенттерге алғыс білдіреміз!




