Астана қаласының Мемлекеттік архивінде қаламгер Мәди Хасенұлының туғанына 90 жыл толуына арналған еске алу кеші өтті.
2026 жылғы 19 қарашада Астана қаласының Мемлекеттік архивінде көрнекті қаламгер, журналист Мәди Хасенұлының туғанына 90 жыл толуына орай «Мәди Хасенұлы: тағылымды ғұмыр, өшпес мұра» атты еске алу кеші, дөңгелек үстел және қаламгердің ұрпақтарымен кездесу өтті.
Мерейтойлық басқосудың мақсаты – Мәди Хасенұлының өмір жолы мен шығармашылық мұрасын кеңінен насихаттау, әдебиет пен журналистика саласына қосқан үлесін бағамдау, өнегелі өмірін кейінгі ұрпаққа таныту.
Кеш барысында қаламгердің өмірі, еңбек жолы, шығармашылық қызметі мен қоғамдық ұстанымдары туралы Астана қаласының Мемлекеттік архиві арнайы әзірлеген деректі бейнеролик көрсетілді. Онда Мәди Хасенұлының әр жылдардағы қызметі, шығармашылық ізденістері мен замандастарымен байланысы қамтылды.
Еске алу кешінде қаламгердің замандастары, шәкірттері мен туған-туыстары оның азаматтық болмысы, шығармашылық ұстанымы және кейінгі буынға жасаған қамқорлығы туралы естеліктерімен бөлісті.
Марат Дәдікбай өз сөзінде Мәди Хасенұлының журналистік және жазушылық жолындағы еңбегіне тоқталды. Оның айтуынша, Мәди аға журналистикадағы мол тәжірибесін жас буынды тәрбиелеуге жұмсап, қазақ мектептері мен білім беру мәселелеріне, ауыл өміріндегі өзекті проблемаларға ерекше көңіл бөлген. Сондай-ақ қазақтың дәстүрлі жылқы шаруашылығы мен қымыз мәдениетінің маңызын көтеріп, қоғамның мәдени және әлеуметтік мәселелеріне үн қосқан. Қаламгердің «Қиянат» романы арқылы да қоғамдағы маңызды мәселелерді қозғауға ұмтылғанын атап өтті. Марат Дәдікбай Мәди Хасенұлының шығармашылық мұрасы бүгінгі ұрпақ үшін рухани құндылық болып қала беретінін жеткізді.
Қаламгердің шәкірті Мұратбек Тоқтағазин ұстазымен байланысты естеліктерін ортаға салды. Ол Мәди Хасенұлының ықпалымен газет жұмысына араласып, журналистикаға келгенін, кейін қаладағы тіл мәселелерін көтеруге де Мәди ағаның бағыт-бағдары мен ақыл-кеңесі себеп болғанын еске алды. Ұстазының кәсіби жолына ғана емес, азаматтық көзқарасының қалыптасуына да ықпал еткенін атап өтті.
Мәди Хасенұлының жиені Көшек Қайырбайұлы Сәменов бала кезінде Мәди ағасының қолында тұрып, Астанада білім алғанын айтты. Ағасының үйінде жүрген жылдары қазақ әдебиеті мен мәдениетінің көрнекті өкілдері – Тұрсынбек Кәкішев, Ақселеу Сейдімбек сынды тұлғалардың әңгімелері мен тағылымды кеңестерін тыңдауға мүмкіндік алғанын еске алды. Бұл кездесулердің өзінің дүниетанымы мен рухани қалыптасуына үлкен әсер еткенін жеткізді.
Ал қаламгердің ағасының ұлы Жанғали Сағди Хасенов Мәди Хасенұлының тың игеру тақырыбына арнап жазған екі шығармасына тоқталды. Оның айтуынша, бұл туындылардағы кейіпкерлердің прототиптері – жазушының өзі туып-өскен Зеренді ауданындағы ауылда өмір сүрген нақты адамдар. Олардың кейбірінің көзі әлі тірі екенін айтып, шығармалардағы оқиғалар мен кейіпкерлердің өмірлік негізіне қатысты естеліктерімен бөлісті.
Кезекті сөз алған қаламгердің бауыры Еркін Шахманұлы Баймурзин мен жиені Сүлейменова Әсия Тоқтауылқызы да Мәди Хасенұлының өмірі мен адамдық болмысына қатысты естеліктерімен бөлісіп, оның отбасындағы орны мен жақындарына жасаған қамқорлығын еске алды.
Кешке қаламгердің ұлы Алмас Хасенов пен қызы Айнаш Хасенова да қатысты. Олар әкелерінің өмірі мен өнегесі, отбасына, жақындарына жасаған қамқорлығы туралы айтып, Мәди Хасенұлының шапағатын әлі күнге дейін сезініп келе жатқанын жеткізді. Сондай-ақ әкелерінің рухани мұрасын ұлықтап, есімін ұрпақ жадында жаңғыртуға үлес қосып отырған Астана қаласының Мемлекеттік архивіне алғыстарын білдірді.
Дөңгелек үстел барысында әдебиет және мәдениет саласының өкілдері, зерттеушілер мен зиялы қауым өкілдері қаламгердің шығармашылық мұрасы, журналистика мен әдебиеттегі орны, еңбектерінің тарихи-танымдық және тәрбиелік маңызы жөнінде пікір алмасты.
Еске алу кеші Мәди Хасенұлының шығармашылық мұрасын ғана емес, оның адамдық болмысын, шәкірттеріне жасаған қамқорлығын, туған-туыстарына деген жанашырлығын және қоғам алдындағы азаматтық ұстанымын танытқан тағылымды басқосу болды. Қаламгердің өмірі мен еңбегіне қатысты естеліктер оның есімін кейінгі ұрпаққа жеткізіп, рухани мұрасын тереңірек тануға жол ашты.