Жаңалықтар
СӘКЕН ТУРАЛЫ ТАҒЫ БІР КІТАПТЫҢ ТҰСАУКЕСЕРІ ӨТТІ
Қаралды: 11
2026 жылғы 12 қарашада Астана қаласындағы Сәкен Сейфуллин музейінде «Сырсандық» ғылыми-танымдық сериясының XII томы – «Сәкен Сейфуллин: Қазақстан Халық Комиссарлары Кеңесінің Төрағасы» атты кітаптың тұсаукесері өтті.
Іс-шарада Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп сөз сөйлеп, кітап авторын жаңа еңбегінің жарық көруімен құттықтады.
Кітаптың тұсаукесеріне мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, тарихшылар, зиялы қауым өкілдері, мәдениет саласының мамандары және ұлы тұлғаның ұрпақтары қатысты.
Кітапта Сәкен Сейфуллиннің 1922–1924 жылдары Қазақ АКСР Халық Комиссарлары Кеңесінің Төрағасы қызметін атқарған кезеңі, ел басқару ісіндегі бастамалары, ұлттық мүддені қорғау жолындағы қызметі тарихи құжаттар мен мұрағат деректері негізінде қарастырылған. Еңбектің басты ерекшелігі – Сәкен тұлғасын әдеби шығармашылығымен ғана емес, қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуына үлес қосқан қайраткер ретінде танытуында.
Кездесу барысында кітап авторы Тарих ғылымдарының докторы, профессор, С. Сейфуллин музейінің басшысы Марат Әбсеметов ғылыми ізденісінің барысы, еңбекті әзірлеу кезінде пайдаланылған тарихи деректер мен архив материалдары туралы баяндады. Қатысушылар да өз ой-пікірлерін білдіріп, авторға сұрақтар қойды.
Тұсаукесер ұлттық өнермен де сабақтасты. Кеш барысында Сәкен Сейфуллиннің «Тау ішінде» әні орындалып, Қазанғаптың «Ақжелең» күйі шырқалды. Ал іс-шараның қорытынды бөлімінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қобызшы, профессор Раушан Жұмабекқызы «Сарыарқа» күйін орындады.
Кітаптың жарық көруі сәкентану саласындағы зерттеулердің толығуына және тарихи тұлғаның мұрасын кеңінен насихаттауға өзіндік үлес қосады




