Бүгін «Астана қаласының мемлекеттік архиві» мемлекеттік мекемесінде қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері Серік Тұрғынбекұлының 80 жылдық мерейтойына арналған «Ешкім бөліп алмайды ақынды елден...» атты мазмұнды әрі тағылымы мол дөңгелек үстел өтті.
Сондай-ақ, шараға ақынның жары Жанна Ізбасарқызы мен Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының Архив ісін ұйымдастыру бөлімінің басшысы Жангүл Құдабайқызы, белгілі ақындар, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Топ жарған» тобының студенттері және архив қызметкерлері қатысты.
Жиынды ашқан Жангелді Біржанұлы бұл мерейтойдың мәніне ерекше тоқталып, оны тек бір ақынның мерейлі жасы емес, тұтас қазақ поэзиясының, қазақ руханиятының үлкен мерекесі ретінде бағалады. Серік Тұрғынбекұлы – жыр әлеміне өз үнімен келіп, ұлттық поэзияның көркемдік көкжиегін кеңейткен бірегей тұлға. Ақын жырларынан елге деген сүйіспеншілік, ұлтқа адалдық, уақытқа сергек көзқарас пен адам жанына деген терең іңкәрлік анық аңғарылады. Ол Серік ақынның шығармашылығы тек көркемдікпен шектелмей, азаматтық үн мен биік рухты қатар алып келгенін атап өтті.
Әбжан Әбілтай өз сөзінде шығармашылық жолдың оңай еместігін, оның үздіксіз ізденіс пен еңбекті талап ететінін ерекше атап өтті. Ол жастық шағында Серік Тұрғынбекұлы мен оның замандастарын алғаш көріп, олардың сөзін тыңдаудың өзі үлкен мектеп болғанын тебіреніспен еске алды. Сол кезеңдегі әсер мен құрмет сезімі оның шығармашылық бағдарын қалыптастырғанын айтып, бүгінгі буын үшін үлкендерден үйренудің маңызы зор екенін жеткізді.
Тілеуғали Әшірбекұлы Серік Тұрғынбекұлының тұлғалық болмысына кеңінен тоқталып, оны қазақ поэзиясының бірнеше буынына ортақ рухани тұлға ретінде бағалады. Ол өткен ғасырдың жетпісінші жылдарындағы әдеби ортаны еске алып, сол дәуірдің қазақ әдебиетінің алтын кезеңдерінің бірі болғанын атап өтті. Сонымен қатар, архивтік мұраларды сақтау мәселесіне назар аударып, көптеген қаламгерлердің қолжазбалары мен құжаттарының толық сақталмай отырғанын қынжылыспен жеткізді. Осындай кездесулердің басты мәні – тұлғаны ұлықтау ғана емес, оның мұрасын келер ұрпаққа аман жеткізу екенін айтты.
Мұхарбек Жәкейұлы өз естелігінде бала күнінен бастап Серік ақынның шығармашылығына сырттай тәнті болғанын, кейін жақынырақ танысқанда оның тұлғалық болмысына одан сайын құрметі артқанын жеткізді. Ол ақынның жыр оқу мәнерін ерекше атап өтіп, бұл қасиетті кез келген ақынға бұйыра бермейтін сирек дарын ретінде бағалады. Сонымен қатар, Серік Тұрғынбекұлының поэзия, драматургия және журналистика салаларындағы еңбегі тұтас бір шығармашылық мектеп қалыптастырғанын айтып, оның тарихи тұлғаларды жырлаудағы еңбегін айрықша атап өтті.
Ахат Расул архивтің маңыздылығына тоқталып, оны халықтың тарихи жадын сақтайтын қасиетті орда ретінде сипаттады. Ол өз тәжірибесінен мысал келтіріп, архив ісінің ұлт руханияты үшін қаншалықты маңызды екенін жеткізді. Серік Тұрғынбекұлының шығармашылығына бала кезден қанық екенін айтып, оның жырларын халықпен бірге жасап келе жатқан рухани құндылық ретінде бағалады.
Ұмтыл Зарыққан өз сөзінде Торғай өңірінің тарихи әрі рухани маңызын атап өтіп, бұл топырақтың талай текті тұлғаларды дүниеге әкелген киелі мекен екенін айтты. Ол Серік Тұрғынбекұлының қазақ поэзиясын жаңа деңгейге көтерген буынның көрнекті өкілі екенін тілге тиек етіп, оның тәуелсіздік дәуірімен бірге жасап, еңбегінің жемісін көріп отырғанын ерекше атап өтті.
Аманғали Қалжан Серік Тұрғынбекұлының шығармашылығы әлдеқашан өз бағасын алғанын айтып, оның поэзиясындағы байсалдылық пен тереңдікке назар аударды. Ол ақынның тек өлеңмен ғана шектелмей, драматургия, публицистика, ән мәтіндері саласында да өнімді еңбек еткен жан-жақты тұлға екенін атап өтті.
Сонымен қатар, оның қарапайымдылығы мен жауапкершілігі, азаматтық ұстанымы – кейінгі буынға үлгі екенін жеткізді. Серік ағаның Астананы терең жырлаған санаулы ақындардың бірі екенін де ерекше атап өтті.
Кездесу барысында ақынның өмірі мен шығармашылық жолына арналған бейне-шолу ұсынылып, архив қорларындағы құнды қолжазбалар, сирек құжаттар мен тарихи фотосуреттерден бейне ролик ұсынылды.
Бұл тағылымды кездесу – өткен мен бүгінді жалғаған, сөз өнерінің құдіретін ұлықтаған маңызды рухани алаң болды. Серік Тұрғынбекұлының шығармашылығы елдік сананы жаңғыртып, ұлт руханиятын байыта беретін мәңгілік мұра екені тағы бір мәрте айқындалды.
Іс-шара барысында ақынның ізбасарлары – белгілі ақындар Ахат Расул, Ұмтыл Зарыққан, Әбжан Әбілтай, Мұхарбек Жәкейұлы, Еркеғали Бейсен, Аманғали Қалжан, сондай-ақ Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дың «Топ жарған» тобының студенттері Әлмаханұлы Нұрхан мен Назерке Қалжігіт Серік Тұрғынбекұлының ең таңдаулы өлеңдерін мәнерлеп оқып, көпшілікке ерекше рухани әсер сыйлады.













