Астана қалалық Мемлекеттік архивінің ұжымы тарих пен табиғат қол ұстасқан қасиетті Қорғалжын өңіріне рухты экспедицияға барды.
Бұл – жай ғана саяхат емес, бұл – ата-бабамыз басқан ізбен жүріп, өткенімізді түгендеу, туған өлкеміздің шежіресін жүрекпен сезіну жолындағы тағылымды қадам. Сапарымыздың әр бекеті – бір әлем. Атап айтқанда, табиғаты әсем, көлдері мен құстары ерекше қорғалатын көрікті мекені 1968 жылы құрылған, қызғылт қоқиқаздары мен бай табиғатымен әйгілі Қорғалжын қорығы табиғаттың нағыз ғажайып бұрышы екенін көрсетті.
Сонымен қатар, Қорғалжын музейінде өлкеміздің көне тарихынан сыр шертетін құнды жәдігерлерді көріп, тамырымыздың тереңде жатқанына тағы бір көз жеткіздік. Қызғылт қоқиқаздар мекен еткен ерекше табиғат аясындағы «Flamingo Fest» фестиваліне қатысып, көздің жауын алатын көріністерге куә болдық, табиғаттың әсемдігі мен үйлесімі жүрекке ерекше тыныштық сыйлады.
Ғасырлар қойнауынан жеткен шынайы махаббат пен өнердің мәңгілік символы – «Дударай – Мариям» ескерткішіне тағзым етіп, бабалар аманат еткен рухқа бас идік.
XI–XII ғасырларда Нұра өзенінің бойында салынған Қазақстандағы көне сәулет ескерткіштерінің бірі – Бытығай (Ботағай) кесенесін араладық.
Күн соңы Ащыкөл жағалауындағы керемет кешке ұласып, керемет табиғат аясында, киіз үйдің жылы атмосферасында қазақы дастарханнан дәм татып, ұлттық дәстүріміздің қадірін терең сеүндік. Әріптестер арасындағы шынайы әңгіме, әсерлі сәттер мен әзіл-қалжың бұл күнді ерекше мәнге бөлді.
Ұжым болып табиғат аясында тынығып, рухани байып қайту – жұмысқа деген шабытты еселей түсетіні анық, ал кең даланың самал желді тынысы мен көлдердің сылдыры бізге сарқылмас қуат сыйлады!
Тарихын ардақтаған елдің болашағы баянды болғай! Экспедициямыздың сәті түсіп, әсерлі естеліктерге толы болғанына алғыс!




