Кеңсе+7 7172 28-07-41 (іб.126) , Қабылдау бөлімі+7 7172 28-07-41 (іб.114)
"Астана қаласының Мемлекеттік архиві" мемлекеттік мекемесі
Ресми интернет-ресурс

ДӘУІРДІҢ ЖАРЫҚ ЖҰЛДЫЗЫ

ДӘУІРДІҢ ЖАРЫҚ ЖҰЛДЫЗЫ

ҚР Кинофотоқұжаттар және дыбысжазбалар ОМА. №2-112216 

Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивінің құжаттары негізінде

Ұлт тарихында тұтас бір дәуірдің рухани келбетін айқындаған, халқының санасына сәуле түсіріп, кейінгі ұрпаққа өшпес із қалдырған тұлғалар болады. Ахмет Байтұрсынұлы – сондай сирек перзенттердің бірі.

Осыдан бір ғасырға жуық уақыт бұрын қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов Ахаңның 50 жылдық мерейтойында сөйлеген сөзінде оның тарихи орнын дәл бағалаған еді: «Қазақ жұртының өткен күндеріне көз салғанда, оқыған азаматтарының артынан ерген күндері аз да болса мағыналырақ, тәуір күндерінің бірі деп саналады».

Ал Ахаңды «сол оқыған азаматтың тұңғышы, алғашқы шыққан көсемі» деп бағалаған Мұхаң оның еңбегін халықтың тарихи жадында мәңгі қалатын мұра ретінде таныды.

Бұл сөздердің мәні бүгін де кеміген жоқ. Керісінше, тәуелсіздік жағдайында ұлттық санамыз жаңғырып, тарихи жадымыз қайта түгенделіп жатқан кезеңде Ахаң мұрасы бұрынғыдан да терең мағынаға ие болып отыр.

Мұхтар Әуезовтің Ахмет Байтұрсынұлына көзі тірісінде берген бағасы – соның айғағы. «Ахаң салған өрнекті біліп, Ахаң ашқан мектепті оқып шыққалы табалдырығын жаңа аттап, ішіне жаңа кіріп жатыр». Ұлы жазушының бұл сөзі Ахмет Байтұрсынұлы қалыптастырған рухани мектептің өміршеңдігін аңғартады. Шындығында, Ахаңның еңбегі белгілі бір кезеңмен шектелмейді. Ол – қазақтың ғылымы мен біліміне, әдебиеті мен мәдениетіне, ұлттық баспасөзі мен тіл біліміне, қоғамдық ойы мен мемлекеттілік санасына қызмет еткен тұтас бір мектеп.

Ахмет Байтұрсынұлы туралы жазылған еңбектер аз емес. Дегенмен ұлы тұлғаның өмір жолын толық танып-білу үшін ғылыми зерттеудің басты тіректерінің бірі – архив құжаттары.

Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивінің қорларында Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен қоғамдық-саяси, ғылыми-ағартушылық қызметіне қатысты мол дерек сақталған. Бұл құжаттар ұлт ұстазының өмір жолын тек жалпы сипаттап қана қоймай, оның әр кезеңдегі қызметін нақты деректермен зерделеуге мүмкіндік береді.

Ахметтің әкесі Байтұрсынның патша өкіметі тарапынан жазаланып, Сібірге жер аударылуына қатысты құжаттар да архив қорларында сақталған. Бұл деректер Ахаңның дүниетанымының қалыптасуына әсер еткен тарихи ортаны тереңірек түсінуге жол ашады.

Ал Ахмет Байтұрсынұлының өзіне қатысты құжаттар 1893 жылдан басталады. Олардың қатарында Орынбор мұғалімдер мектебінде оқып жүрген жылдарындағы үлгерім ведомостары, сынақ нәтижелері, мұғалімдер кеңесінің хаттамалары, мектепті бітіргені туралы куәлік, елге қайту үшін жол қаражатын сұраған өтініші және басқа да құжаттар бар.

Құжаттық деректер оның өмір жолының соңғы кезеңіне дейін жалғасады. Мәселен, 1936 жылғы 21 қыркүйектегі Орталық мемлекеттік музейдегі консультант қызметінен босату жөніндегі бұйрық – архив қорларындағы Ахаң өміріне қатысты құжаттардың кейінгі шектерінің бірі.

Осылайша, архив материалдары Ахмет Байтұрсынұлының өмір жолын кезең-кезеңімен қалпына келтіруге мүмкіндік береді.

1900–1917 жылдар аралығындағы Дала генерал-губернаторының кеңсесі, Торғай, Ақмола, Семей облыстық басқармаларының қорларындағы құжаттардан Ахмет Байтұрсынұлының қоғамдық қызметі де айқын көрінеді.

Жандармерия, полиция және патша әкімшілігінің басқа да мекемелері жүргізген бақылау материалдарында оның үкіметке қарсы үгіт-насихат жұмыстарына қатысы, «Қазақ» газетін шығаруы, қоғамдық-саяси көзқарастары және отарлық әкімшіліктің оған жасаған қысымы туралы деректер кездеседі.

Бұл құжаттар бір жағынан сол дәуірдегі патша өкіметінің қазақ зиялыларына жүргізген бақылауын көрсетсе, екінші жағынан Ахмет Байтұрсынұлының ел тағдырына бейжай қарамаған қайраткер болғанын айғақтайды.

1917 жылдан кейінгі кезеңге қатысты құжаттар да Ахаң қызметінің ауқымын кеңінен танытады.

Уақытша үкімет дәуіріндегі құжаттарда оның Торғай облыстық басқармасындағы қызметі, Орынборда өткен Бірінші және Екінші Жалпықазақ съездеріне қатысуы жөніндегі деректер бар.

Кеңес өкіметі орнағаннан кейін де Ахмет Байтұрсынұлы елдік мәселелерден шет қалған жоқ. Оның Қазақ төңкеріс комитеті, Орталық атқару комитеті, Оқу-ағарту халық комиссариаты және басқа да мемлекеттік мекемелердегі қызметіне қатысты құжаттар сақталған.

Бұл деректерден Ахаңның қазақ автономиясын құру, ұлттық территорияның тұтастығын сақтау, аштыққа ұшыраған халыққа көмек ұйымдастыру, қазақ мектептерін оқулықтармен қамтамасыз ету, білім мен ғылымды дамыту бағытындағы еңбегін көруге болады.

Сондай-ақ ол Қазақстанды зерттеу қоғамын құруға атсалысқан қайраткерлердің бірі болды.

Ахмет Байтұрсынұлының ел аумағының тұтастығын сақтаудағы қызметін архив құжаттары ерекше айқын көрсетеді. Қазақтың ата-бабадан қалған ең қастерлі мұраларының бірі – жер. Сондықтан ұлттық территорияны сақтау, оның шекарасын айқындау мәселесі ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі қазақ зиялылары үшін аса маңызды болды.

Ахмет Байтұрсынұлы Қостанай уезін Қазақ өлкесінің құрамында қалдыру жөніндегі комиссия жұмысына қатысты. 1919 жылғы 12 қыркүйекте Қазақ төңкеріс комитетінің мәжілісінде оған үш күн ішінде Қостанай уезін Қазақ өлкесінде қалдыру жөнінде баяндама әзірлеу тапсырылған.

Ал 1920 жылғы 7 сәуірдегі мәжілісте Байтұрсынұлы мен Сералиннің Қостанай уезін Торғай облысының құрамында қалдыру мәселесі бойынша Челябинск өкіметімен жүргізген келіссөздері негізді деп танылған. Осыған байланысты Ахмет Байтұрсынұлына Мәскеуге барып, Бүкілодақтық атқару комитеті Президиумында мәселе көтеру, Қостанай уезіне қатысты бұрынғы шешімді қайта қарату және қазақ өлкесінің шекарасына өзгеріс енгізбеу жөнінде ұсыныс жасау міндеті жүктелген.

Бұл деректер Ахаңның ағартушы, ғалым, публицист қана емес, ұлттық территория мәселесіне жауапкершілікпен қараған мемлекетшіл қайраткер болғанын көрсетеді.

Ахмет Байтұрсынұлының тілші ғалым ретіндегі терең білімін танытатын архив құжаттарының бірі – Алматы атауына байланысты пікірлері.

1927 жылғы 29 желтоқсанда Оқу-ағарту комиссариатының коллегиясында Жетісу губерниясы атқару комитетінің Алма-Ата қаласын қазақша «Алматы» деп атау жөніндегі ұсынысы қаралады. Осы мәселе бойынша Ахмет Байтұрсынұлы мен Т. Шонанов өз пікірлерін білдіреді. Олар қазақ тіліндегі жер-су атауларының жасалу ерекшеліктеріне тоқталып, «-ты» жұрнағының табиғи әрі тарихи қолданысын нақты мысалдар арқылы түсіндіреді. Құжатта Шідерті, Өлеңті, Бұлдырты, Мойынты, Алматы тәрізді атаулар мысал ретінде келтірілген.

Бұл пікірдің құндылығы – Ахмет Байтұрсынұлының тіл табиғатын терең меңгерген ғалым ретіндегі ұстанымын нақты құжат арқылы көруімізде.

Бүгінде Алматы – Қазақстанның ең ірі қалаларының бірі, ұлттық мәдениет пен ғылымның маңызды орталығы. Ал осы атаудың қалыптасу тарихында Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми уәжінің болуы – оның тіл саласындағы мұрасының өміршеңдігін тағы бір дәлелдейді.

Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен қызметіне қатысты архив құжаттарына үңілген сайын бір ақиқат айқындала түседі: Ахаңның ең үлкен ескерткіші – оның халқына қалдырған рухани мұрасы.

Мұхтар Әуезовтің: «Ахаңның бұл істеген қызметі – қазақтың ұзын-ырға тарихымен жалғасып кететін қызмет, істеген ісімен өзіне орнатылған ескерткіш – мәңгілік ескерткіш» деген сөзі бүгінгі күнге дейін өз мәнін жойған жоқ.

Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ тіл білімінің негізін қалаған ғалым, ұлттың жазу мәдениетін жаңғыртқан реформатор, ұстаз, ақын, аудармашы, публицист, ұлттық баспасөздің көшбасшысы, мемлекет және қоғам қайраткері.

Ол халыққа хат танытты. Ана тілінде білім берудің ғылыми негізін қалыптастырды. «Қазақ» газеті арқылы елдің саяси-әлеуметтік санасын оятты. Қазақ қоғамын білімге, бірлікке, елдікке үндеді.

Оның бар ғұмыры – ұлтқа қызмет етудің үлгісі.

Бүгінде Ахмет Байтұрсынұлының мұрасы жаңа қырынан зерттеліп жатыр. Архивтерде сақталған құжаттарды цифрландыру, ғылыми айналымға енгізу, деректерді жүйелеу – осы тарихи мұраны келешек ұрпаққа жеткізудің маңызды бағыттарының бірі.

Цифрлық дәуірде архивтің міндеті тек құжат сақтау емес. Архив – тарихи деректі қоғамға қайта ұсынатын, ғылыми ізденіске жол ашатын, ұлттық жадыны жаңғыртатын маңызды институт.

Осы тұрғыдан алғанда, Ахмет Байтұрсынұлына қатысты әрбір архив құжаты – өткеннің үнін бүгінгі ұрпаққа жеткізетін құнды дерек.

Ахметтанудың жаңа кезеңі де осындай деректерді жан-жақты зерттеумен сабақтасуы тиіс. Әдебиетшілер, тарихшылар, тілші ғалымдармен қатар архив мамандарына да үлкен жауапкершілік жүктеледі. Өйткені ұлт тарихының ұлы тұлғалары туралы ақиқатты ұрпаққа жеткізудің ең сенімді жолдарының бірі – дерекке сүйену, құжатқа жүгіну, тарихи жадыны сақтау.

Ахмет Байтұрсынұлының мұрасы – өткеннің ғана еншісі емес. Ол бүгінгі Қазақстанның рухани жаңғыруына, ұлттық сананың орнығуына, ана тіліміздің қадірін арттыруға қызмет ететін өміршең құндылық.

Халқына хат танытып, «Қазақ» газеті арқылы парасат нұрын шашқан, елінің еркіндігі мен болашағы үшін күрескен ұлы Ахаң – қазақ зиялылары үшін ғана емес, барша ұрпақ үшін ұлтқа адал қызмет етудің, азаматтықтың, ар-ожданның және елін сүюдің символы.

Сондықтан Ахмет Байтұрсынұлы – өткен дәуірдің ғана жарық жұлдызы емес, бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның рухани көгінде де жарқырап тұрған Темірқазығы.

Ғазиза Исахан, архивтанушы, архив ісінің үздігі

Ахмет Байтұрсынов – Қырғыз (Қазақ) АКСР Халық ағарту халкомының Академиялық орталығының төрағасы. 1922 ж. Түпнұсқа.

ҚР ОММ. 81 қор.

Записаться на прием